Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты: ақынның жары президентке өтініш айтып, хат жазған
Ол ақынды Арыстан баб кесенесінің іргесіне жерлеуді сұраған
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханова ақынның соңғы демі үзілмей тұрып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, марқұмның соңғы өтінішін айтқан. Оны бүгін журналист Назерке Шәкібай әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Хатта Мұхтар Шахановтың сол кездегі ауыр жағдайы мен оның соңғы аманаты айтылған.
Ханшайым Шаханованың айтуынша, қазақ руханиятының көрнекті өкілі, КСРО халық депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов тек ақын ғана емес, ұлттық намыстың символы, ана тілі мен ел тәуелсіздігі жолында еңбек еткен ірі тұлға.

Өтініштің негізгі мәні – ақынның соңғы тілегін орындау. Атап айтқанда, оны ата-бабаларының киелі мекені саналатын Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесінің іргесіне жерлеу мәселесі айтылған. Ақынның жары бұл нысанның тарихи-мәдени маңызы жоғары екенін атап өтіп, барлық жұмыстар қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүргізілетінін жеткізген.
Сондай-ақ, президенттен ақынның ел алдындағы еңбегін, тарихи тұлға ретіндегі орнын және халықаралық беделін ескере отырып, оның соңғы аманатын мемлекеттік деңгейде қолдауды сұраған.
«Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын», - деген хат авторы.
Ханшайым Шаханова бұл мәселенің тек отбасының ғана емес, жалпы ел азаматтары мен зиялы қауым өкілдерінің ортақ тілегі екенін атап өтті. Сонымен қатар, тиісті рұқсат беру және үдерісті Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігімен үйлестіру жөнінде тапсырма беруін өтінген.