Жаңаөзенде ондаған аумақты жаңбыр суы басып қалды

Көмекке Ұлттық ұланның сарбаздары жұмылдырылды

Жаңаөзенде ондаған аумақты жаңбыр суы басып қалды
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Жаңаөзенде ондаған аумақты су басып қалды. Тасқын судың салдарын жоюға ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық ұланның мәліметінше, 50-ден астам мерзімді әскери қызметші мен 3 техника ауа райының қолайсыздығы салдарын жоюға жедел кірісті. Су жиналған 25 учаскеде жұмыс жүргізіліп, әскери қызметшілер суды сорып шығару және қорғаныс бөгеттерін тұрғызу жұмыстарын атқарды.

«Үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылдың нәтижесінде жағдай тұрақтандырылып, қала тұрғындарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілді. Жаңаөзен тұрғындары әскери қызметшілерге жеделдігі, батылдығы және жанашырлығы үшін шынайы алғыстарын білдірді», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсенді қатысып, қиын сәттерде азаматтарға әрдайым көмек көрсетіп келеді.