Ақтауда көпқабатты үйде өрт: бір тұрғын түтінге уланып ауруханаға түсті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Балконнан шыққан жалын 10 шаршы метрді шарпыған, себептері анықталып жатыр

Фото: ҚР ТЖМ

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйде болған өрт салдарынан 1 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada.kz-тің ақпарынша, өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, оқиға 19 сәуірде 19а шағын ауданындағы №17 тоғыз қабатты тұрғын үйде сағат 16:27-де тіркелген. Өрт алтыншы қабаттағы пәтерлердің бірінің балконынан шыққан.

Алдын ала деректер бойынша, жалын үй ішіндегі заттарды шарпып, шамамен 10 шаршы метр аумақты қамтыған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 16:53-те толық сөндірді.

Құтқарушылар түтінге тұншыққан 1 тұрғынды эвакуациялап, облыстық ауруханаға жеткізген. Қазіргі уақытта оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды.