20 сәуірден бастап үш қалада гидравликалық сынақ өтеді, ақауы бар үйлерде ыстық су кеш қосылады
Павлодар облысында 20 сәуірден бастап орталықтандырылған жылу беру ресми түрде тоқтатылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған байланысты Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізу жоспарланған.
Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылыту маусымында өңірде 16 энергия блогы, 22 қазандық және 14 турбина жұмыс істеген. Сонымен қатар резервте 11 қазандық пен 2 турбина болған. Маусым аяқталысымен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға кірісу көзделіп отыр.
Алдағы кезеңде 41 негізгі жабдықты жөндеу жоспарланған. Бұған қоса, 37,4 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар келесі қысқа дайындықтың негізгі бөлігі саналады.
Әкімдік ақпарына сәйкес, 20–30 сәуір аралығында өтетін сынақ кезінде жылу желілерінің беріктігі тексеріледі. Егер тұрғын үйлерде ақаулар анықталмаса, ыстық су сынақ аяқталған бойда қайта қосылады. Ал желілерінде зақымдану табылған үйлерде ыстық су тек жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін беріледі.