20 жылдан астам компанияны басқарған топ-менеджер енді аға кеңесші ретінде жұмысын жалғастырады
Air Astana әуе компаниясын 20 жылдан астам басқарған Питер Фостер Қазақстаннан отбасымен бірге көшіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компанияның бұрынғы басшысы қызметінен кеткенімен, толықтай жүйеден шыққан жоқ. 1 сәуірден бастап ол директорлар кеңесінің аға кеңесшісі қызметіне тағайындалып, стратегиялық деңгейде жұмысын жалғастырып отыр. Алайда бұл органның мүшесі болып саналмайды.
Фостердің Қазақстаннан кетуі оның ұзақ жылдық қызметіндегі маңызды кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Кәсіпкер Арманжан Байтасовтың мәліметінше, топ-менеджер Алматыдағы үйінде жақындарына арнап қоштасу кешін өткізген. Онда Питер мен оның жұбайы Татьяна достарын жинап, елден кететінін хабарлаған. Сонымен қатар ол Қазақстанға алдағы уақытта жиі келіп тұруға ниетті екенін жеткізген.
Айта кетейік, сәуір айының басында Фостер әуе компаниясы ұжымымен де ресми түрде қоштасқан. Ал 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Air Astana бас атқарушы директоры қызметіне түркиялық менеджер Ибрагим Жанлыел кірісті.
Питер Фостер — Ұлыбритания азаматы. Ол Air Astana компаниясының тізгінін 2005 жылғы қазаннан бастап ұстап, 2026 жылғы сәуірге дейін басқарды. Осы кезеңде компания аймақтық әуе тасымалындағы негізгі ойыншылардың біріне айналды.