Елена Рыбакина Штутгарттың екі дүркін чемпионы атанды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Каролина Мухованы айқын жеңіп, жеңіс сериясын 8 матчқа жеткізді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 турнирінде чемпион атанып, осы жарыстағы екінші титулын иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемнің 2-ракеткасы финалда WTA рейтингінде 12-орында тұрған чехиялық Каролина Муховамен кортқа шықты. Бұған дейінгі өзара кездесулерде қарсыласының басымдығы байқалғанымен, бұл жолы қазақстандық спортшы ойын тізгінін өз қолына алды.
Алғашқы сетте Рыбакина 3:0 есебімен алға шыққанымен, шешуші сәтте қателік жіберіп, есеп 5:5-ке теңесті. Соған қарамастан, ол тағы бір брейк жасап, партияны 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші сет толықтай қазақстандық теннисшінің бақылауында өтті. Рыбакина бірден екі брейк жасап, есепті 5:0-ге жеткізді. Матч тағдырын шешкен сәтте де мүлт кетпей, 6:1 есебімен айқын жеңіске жетті.
1 сағат 19 минутқа созылған финалдық кездесуде Рыбакина 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың 4-ін тиімді пайдаланды. Ал Мухова 2 эйс және 1 брейкпен шектелді.
Осылайша, қазақстандық теннисші Штутгарт турниріндегі жеңіс сериясын 8 матчқа дейін ұзартып, бұл додадағы тұрақты әрі сенімді ойынын тағы бір мәрте дәлелдеді. 2024 жылы алғаш рет топ жарған Рыбакина бұл жетістігін биыл қайталап отыр.