Әкімдіктің мәліметінше, жаңа пәтерлер дайын жөндеумен өткізіледі
Алматыда ескі тұрғын үйлерді сүру жұмыстары басталды. 2026 жылы барлығы 95 үй бұзылады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде «Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі тұрғын үй реновациясы бағдарламасы» аясында 204 меншік иесі жаңа қонысқа көшіп үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандыру жұмыстарымен «Almaty Renovation» ЖШС, «Алматы» ӘКК АҚ және жеке инвесторлар айналысуда. Бағдарлама бойынша тұрғындарға екі таңдау берілетін болады. Біріншісі, ескі үйдің орнына дәл сондай бөлме саны бар жаңа пәтер беру болса, екінші таңдау ескі пәтердің нарықтық құны бойынша төлем жасау.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңа пәтерлер дайын жөндеумен өткізіледі. Онда интернет, өртке қарсы жүйелер, сантехника және ас үй жабдықтары (газ немесе электр плиталары) толық орнатылған.
Қазіргі таңда жаңа үйге қоныстанған тұрғындар саны бойынша Түрксіб ауданы бірінші орында. Яғни 126 адам жаңа үйге көшкен. Әуезов ауданы бойынша 53 адам, Бостандық ауданында 13 адам, Алатау ауданында 6 адам жаңа пәтерге қоныстанған. Бұл тізімде Медеу, Жетісу және Алмалы аудандары да бар.
Ғимараттарды бұзу және көшіру жұмыстары тек меншік иелерінің келісімімен ғана жүргізіледі. Егер тұрғындар ұсынылған нұсқалардан бас тартса, олар ескі үйінде қалуға құқылы. Алайда, бұл жағдайда тұрғын үйдің тозуына байланысты туындауы мүмкін қауіп-қатерлерге меншік иелерінің өздері жауапты болады.
2026 жылдың соңына дейін барлығы 1 165 адамды жаңа пәтермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.