Олар алдағы жылы мезгілде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басты рөл атқарады
Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті Есіл өзенінің акваториясындағы су көліктерінің дайындығын пысықтады. Петропавл қаласының маңындағы дамба аумағында өткен тексеріс ТЖМ мамандарының кез келген қауіпке сақадай сай екенін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру шарасына құтқару бөлімшелерінің қарамағындағы ең соңғы үлгідегі техникалар жұмылдырылды. Олар: заманауи аэроқайықтар, жылдамдығы жоғары катерлер және моторлы қайықтар.
Сынақ барысында техниканың жүру сипаттамалары мен пайдаланудағы сенімділігіне ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, бұл техникалар алдағы жылы мезгілде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Құтқарушылар жедел әрекет ету және төтенше жағдайлардың алдын алу дағдыларын паш етті.
Тексерудің маңызды бөлігі қарда және батпақта жүретін көлік мүмкіндіктерін бағалау болды. Бұл техника қолжетімділігі қиын батпақты жерлер мен терең емес су айдындарында құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған. Сондай-ақ бұл көліктің көмегімен жолсыз өңірлерге жетуге болады.
«Жүргізілген тексеріс өңірдегі су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдардың толық дайын екенін растады», — деп атап өтті ТЖМ өкілдері.