Салада жоғары білімді мамандарға деген сұраныс небәрі 12%
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі маман тапшылығы мен кадрлық құрамның жай-күйі белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, ауыл шаруашылығындағы бос орындардың 88% жұмысшылар мен біліктілігі төмен кадрларға арналған. Ал жоғары білімді мамандарға деген сұраныс небәрі 12% (шамамен 7,6 мың адам).
2030 жылға дейінгі болжам бойынша, нарыққа 883 мың маман қажет болса, соның 63 мыңы (7%) агроөнеркәсіптік кешеннің үлесіне тимек.
Үкімет мал шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру үшін 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті.
Бұл құжат аясында мынадай шаралар қарастырылуда:
Шопандар мен бақташылардың еңбегін ынталандыру тетіктері әзірленуде.
Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын қызметкерлерді ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін тұлғалар тізіміне қосу мәселесі талқыланып жатыр.
Ветеринария саласындағы кадрларды тұрақтандыру үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.
«2023-2025 жылдары жергілікті органдарға 29,6 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде мал дәрігерлерінің орташа жалақысы 119,7 мың теңгеден 271,5 мың теңгеге дейін өсті», — деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін ветеринария саласындағы ғалымдарға (кандидаттар мен докторларға) 17-ден 34 АЕК-ке дейін қосымша үстемақы төлеу көзделіп отыр.
Биыл аграрлық мамандықтарға түсуді жеңілдету үшін бірқатар қадамдар жасалды:
1. Ауылдық квота: 30%-дан 35% дейін артты.
2. ҰБТ шекті балы: Аграрлық мамандықтар үшін 50 балға дейін төмендетілді (педагогика мен медицинада – 70-75 балл).
3. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шәкіртақы мөлшері 20% артып, 52 372 теңгені құрады.
2026 жылдан бастап салық заңнамасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін негізгі преференциялар сақталады. Корпоративтік табыс салығы — 3%, әлеуметтік салық — 1,8% деңгейінде бекітілген. Сондай-ақ, мүлік пен көлік салығы 70% төмендетілген. Ал қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдік мөлшері 70%-дан 80% дейін ұлғайтылды.