Маңғыстау облысында жүздеген жылқы қырылып қалды
Мал шығыны ауа райы салдарынан тіркелді
Маңғыстау облысындағы Сайөтес пен Ақшымырау ауылдарының маңында қолайсыз ауа райы салдарынан жаппай мал шығыны тіркелді. Толассыз жауған жаңбыр мен қатты желден кейін жүздеген жылқы опат болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 14-15 сәуір күндері жауған нөсерден кейін мал жайылымнан адасып, батпаққа батып қалған. Әр үй кем дегенде 5-10 бас жылқысынан айырылған.
«Нөсер жауыннан кейін Ақшымырау ауылы маңындағы малды су айдап кеткен. Көп жылқы сол жердегі лайға батып өлді, ал аман қалғандары шыға алмай жатыр. Егер Төтенше жағдайлар министрлігі мен билік көмектеспесе, жағдай ушығады», — дейді ауыл тұрғындары.
Маңғыстау облысының әкімдігі жағдайға байланысты жедел штаб құрып, мониторинг жұмыстарын бастады. Мал шығынының алдын ала есебі 100 бастан асып жығылады.
Құтқару шаралары: Жоғалған үйірлерді табу үшін дрондар қолданылуда. Өңірдегі мұнай-газ кәсіпорындарына малды батпақтан шығару және суды сору үшін қосымша техника бөлу тапсырылды.
Мал иелеріне көмек көрсетіле ме?
Қазіргі уақытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Маңғыстау ауданында болып, тұрғындармен кездесулер өткізуде. Билік өкілдері шығын көлемін нақтылап, жағдайды қатаң бақылауға алғанын айтты.