Атыраудың бұрынғы бас полицейі қамауға алынды

Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша тексеріс жүріп жатыр

Атыраудың бұрынғы бас полицейі қамауға алынды
Фото: gov.kz

Атырау қалалық Полиция басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Исаев тергеу изоляторына қамалды. Экс-шенеунікке қатысты қазіргі уақытта лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәліметтерге сүйенсек, тергеу қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде өткен есірткі заттарына қатысты болуы мүмкін.

Алдын ала деректер бойынша, бұл іске қатысы бар делінген тағы бірнеше жоғары лауазымды тұлғаның есімі аталды:

Әлішер Нұршаев — Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы;

Саламат Қалиев — Облыстық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы.

Бұл қызметкерлердің нақты процессуалдық мәртебесі әлі жарияланған жоқ. Сонымен қатар, заттай айғақтармен жұмыс істеген 17 полиция қызметкеріне қатысты да тексеру жүріп жатқаны хабарланды.

Бақытбек Исаев Атырау қалалық полициясын басқаруға 2024 жылдың мамыр айында келген. Оған дейін ол құқық қорғау саласында бірқатар жауапты қызметті, соның ішінде Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.