Қарағандыда бүлдіршін өлімі: министрлік түсініктеме берді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды тәуелсіз сарапшылармен бірге тексеретінін мәлімдеді

Фото: istockphoto.com

Қарағандыда ауыр жағдайда көз жұмған балаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүлдіршін ауру басталғаннан кейін 2-тәулікте инфекциялық орталыққа жеткізілген. Жағдайы күрт нашарлап, кейін реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылған. Тексеру барысында баланың ағзасында бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ текті қоздырғыштар қатар жүрген аралас инфекция анықталған.

Дәрігерлердің дерегінше, аурудың ауыр өтуіне айқын иммун тапшылығы әсер еткен. Сонымен қатар балаға туғаннан бері вакцина салынбағаны анықталған, бұл ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілетін едәуір әлсіреткен. Соның салдарынан жүргізілген ем шаралары толық көлемде көрсетілгеніне қарамастан, күткен нәтиже бермеген.

Емдеу тактикасы бірнеше рет республикалық деңгейдегі консилиумдарда қаралған. Оған штаттан тыс бас балалар инфекционисті, пульмонолог және реаниматолог секілді салалық мамандар тартылған. Қосымша әдіс ретінде экстракорпоральдық мембраналық оксигенация (ЭКМО) қолдану мүмкіндігі де талқыланғанымен, баланың жағдайы мен медициналық көрсеткіштеріне байланысты бұл тәсіл ұсынылмаған.

Министрлік мұндай жағдайлардың медициналық тұрғыдан аса күрделі екенін атап өтті. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинацияның болмауы қатар келген кезде, тіпті уақытылы және толық жүргізілген емнің өзінде қолайсыз нәтиже қаупі айтарлықтай артады.

Ведомство аталған оқиға бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасын объективті бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізетінін хабарлады. Сонымен қатар қоғам мен БАҚ өкілдерін тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сүйенуге, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Денсаулық сақтау министрлігі марқұм баланың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.