Волейбол финалы: «Жетісу» мен «Ақтөбе» алтын үшін таласады
Жартылай финал қорытындысы бойынша шешуші жұп анықталды
Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лигасында Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық кезеңі аяқталып, финалға шыққан командалар белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талдықорғандық «Жетісу» клубы тұрақты чемпионатты бірінші орынмен аяқтаған қарқынын плей-оффта да сақтап қалды. Марат Адрышев жаттықтыратын команда жартылай финалда «Атырауды» тағы да айқын басымдықпен жеңіп, 3:0 (25:20, 25:23, 26:24) есебімен финалға сенімді жолдама алды.
Екінші жартылай финалда «Ақтөбе» мен «Жайық» (Орал) командалары арасындағы тартыс соңына дейін шиеленісті өтті. Алаң иелері алғашқы сетте 26:24 есебімен алға шыққанымен, кейін оралдықтар қатарынан екі партияны өз пайдасына шешті — 25:20, 25:22. Дегенмен шешуші сәтте «Ақтөбе» мінез танытып, ойын тізгінін қайта қолға алды — 25:18, 15:9. Қорытынды есеп — 3:2.
Осылайша, финалда «Жетісу» мен «Ақтөбе» (бас бапкері Сергей Трикоз) чемпиондық атақты сарапқа салады. Ал өткен жылғы чемпион «Жайық» пен «Атырау» қола жүлде үшін өзара мықтыны анықтайды.