Рыбакина тағы да финалда: Штутгартта сенімді серпін
Қазақстанның бірінші ракеткасы жартылай финалда Андрееваны айқын басымдықпен жеңіп, шешуші кезеңге өтті
Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарыстың бірінші нөмірі ретінде тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингте 9-орында тұрған ресейлік Мирра Андреевамен кездесті. Бұған дейінгі өзара үш матчтың соңғы екеуінде Андреева басым түскен еді. Алайда бұл жолы ойын тізгіні толықтай Рыбакинаның қолында болды.
Алғашқы партия тартысты басталды. Есеп 4:2 болған сәтте қарсыласы таразы басын теңестіргенімен, Рыбакина шешуші сәтте брейк жасап, сетте 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте қазақстандық спортшы қарқынын үдетіп, 3:0-ден кейін қарсыласқа мүмкіндік қалдырмады — 6:1.
1 сағат 17 минутқа созылған кездесуде Рыбакина 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың 4-ін тиімді пайдаланды. Андреева 3 эйс және 1 брейкпен шектелді.
Финалда Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 12-орында тұрған чехиялық Каролина Муховамен кездеседі. Мухова жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны 6:4, 2:6, 6:4 есебімен жеңген.
Осылайша, Рыбакина Штутгарт турнирінің финалына екінші рет жолдама алып отыр. Ол 2024 жылы осы жарыста чемпион атанған. Сонымен қатар, қазақстандық теннисші Штутгарттағы соңғы 7 матчтың барлығын жеңіспен аяқтап отыр.