Жақында елордаға 22 тоннадан астам дәрі-дәрмек келеді
Нұр-Сұлтанға Covid-19, пневмония және басқа да бірқатар ауруды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің тағы бір партиясы келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін елордаға жүк ұшағымен (Үндістаннан) және жүк көліктерімен дәрі-дәрмектер жеткізілді. Дәрілердің жалпы салмағы 23 тоннадан асады.
«Бұл тауарлар гуманитарлық көмек емес, оларды дәріхана желілерінің дистрибьюторлары сатып алған. Үкімет пен әкімдік дәрі-дәрмекті сатып алу және жеткізу процедураларын жеңілдету, логистика бойынша қолдау көрсетеді. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша дәріхана желілерінің дистрибьюторларына дәрі-дәрмектерді сатып алуға айналым қаражаты бөлініп, тасымалдауға көмек көрсетіліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, бүгін дәріхана жүйелерiнің дистрибьюторлары елордаға ксарелто, ингавирин, клексан, парацетамол, тромбо АСС, азитромицин, анаферон, сумамед, лидокоин, кардиомагнил, цефтриаксон, эргоферон және т.б. жеткізді. Ірі дәріхана желілерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, осы аптаның басында елордаға жүк ұшағымен 30 тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізілген болатын. Сондай-ақ жақын күндері елордаға 22 тоннадан астам дәрі-дәрмек келеді. Дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.