Алматы мен Өскеменде Telegram арқылы есірткі тасымалдағандар ұсталды

Қазіргі уақытта екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматы мен Өскеменде Telegram арқылы есірткі тасымалдағандар ұсталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бірлескен операция барысында ірі көлемдегі психотроптық заттарды таратумен айналысқан есірткі тасымалдаушыларды құрықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мегаполис аумағында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 20 жастағы есірткі тасымалдаушы ұсталды. Тәртіп сақшылары бойжеткенді тінту кезінде мынадай заттарды тәркіледі: Ұнтақ тәріздес заты бар 36 түйіншек. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл жалпы салмағы 20 грамнан асатын синтетикалық есірткі екені анықталды.

Екінші күдікті ШҚО орталығында қолға түсті. 30 жастағы ер адам есірткіні жасыру мақсатында арнайы пәтер жалдап тұрған.

«Одан 12 түйіншек ұнтақ зат пен мобильді телефон тәркіленді. Тұрғылықты жерін тінту кезінде тағы 5 ұялы телефон табылды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, бұл – салмағы 20 грамнан асатын a-PVP психотроптық заты», – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.

Тергеу мәліметінше, күдікті ер адам қаңтар айында Алматыда жүріп, Telegram мессенджері арқылы есірткі дүкеніне жұмысқа орналасқан. Наурыз айының басында «кураторының» нұсқауымен Өскеменге келіп, есірткі таратқан.

Қазіргі уақытта екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың әрекеті аса ауыр қылмыс ретінде сараланып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.