19 сәуір күні ауа райы қандай болады
Бірқатар өңірде түнде үсік жүреді
19 сәуірде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады, алайда бірқатар өңірде түнде үсік жүріп, сынап бағанасы -3°С дейін төмендейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Ел аумағының басым бөлігіне ауқымды антициклон әсер еткенімен, кейбір облыста ауа температурасы нөлден төмен түседі. Болжам бойынша, -2...-3 градусқа дейінгі аяз келесі өңірлерде байқалады:
- Солтүстік өңірлерде;
- Түркістан облысының таулы аудандарында;
- Алматы облысының солтүстігі мен тау бөктерінде;
- Жетісу облысының кей бөліктерінде.
Елдің батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктерінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. Найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал.
Елдің батысында шаңды дауыл тұрып, жел күшейеді деп болжануда. Кейбір өңірде тұман түседі. Сонымен қатар, синоптиктер жоғары өрт қаупі сақталатын өңірлерді атады:
1. Түркістан облысының батысы;
2. Жамбыл облысының батысы;
3. Жетісу облысының солтүстігі, оңтүстігі мен шығысы.