Тоқаев еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған құжатқа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. 2026 жылғы 15 сәуірде қол қойылған тарихи құжат еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, алдағы ширек ғасырда елімізде кемінде үш атом электр станциясы бой көтереді.
Стратегияда жобаларды іске асырудың нақты кезеңдері көрсетілген:
Бірінші АЭС: Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Ол Алматы облысының Жамбыл ауданында бой көтереді;
Екінші АЭС: Қазіргі таңда станция салу мәселесі қарастырылу сатысында;
Үшінші АЭС: Бұл нысан үшін заманауи шағын модульдік реакторлар технологиясын қолдану мүмкіндігі зерттеліп жатыр.
Алматы облысындағы алғашқы АЭС үшін III+ буынындағы реакторлар таңдалды. Бұл қондырғылар қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
«Стратегия тек құрылысты ғана емес, сонымен қатар уран өндірісін тереңдетуді, отын шығаруды және ғылыми базаны нығайтуды көздейді. Қазақстан әлемдік уран нарығындағы көшбасшылығын сақтай отырып, дайын өнім шығаруға көшеді», — делінген ресми хабарламада.
Мамандардың болжамынша, 2032 жылға қарай Қазақстанда қосымша 2,6 ГВт қуат қажет болады. Әсіресе, еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріндегі энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін атом энергетикасы баламасыз жол болып отыр.
Жаңа стратегия аясында тек станциялар емес, сонымен қатар жоғары вольтты желілер мен логистикалық инфрақұрылым да кешенді түрде дамитын болады.