Павлодарда 16 балаға қол көтерген тәрбиеші сотталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сот 4,5 жыл жаза тағайындады, бірақ үкімнің орындалуы 5 жылға шегерілді

Фото: istockphoto.com

Павлодардағы №116 балабақшаның бұрынғы тәрбиешісі балаларға күш қолданғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс орталығында қаралған істе 33 жастағы әйелдің әрекетінен 16 бала зардап шеккені анықталған. Іс «Қинау» және «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» баптары бойынша қаралды.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сот ұсынылған дәлелдерді жан-жақты зерделей келе, Қылмыстық кодекстің 58-бабының талаптарына сәйкес қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сотталған әйелдің жас балалары бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілді. Яғни, үкім күшіне енгенімен, ол бірден колонияға жіберілмейді.

Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Зардап шеккен балалардың кейбір ата-аналары апелляциялық шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып отыр.