Өзеннен табылған үміттің соңы: Ақтөбеде бір ай ізделген бала мерт болды

Мәртөк ауданында жоғалған 10 жастағы оқушының денесі Елек өзенінен табылды

Өзеннен табылған үміттің соңы: Ақтөбеде бір ай ізделген бала мерт болды
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысында бір айға жуық уақыт іздестірілген 10 жастағы баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында із-түзсіз жоғалған 4-сынып оқушысын іздеу жұмыстары бүгін аяқталды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сүңгуірлер баланың денесін Елек өзенінен анықтаған. Мәйіт жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдіктен табылған.

Бала 29 наурыз күні үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Осы уақыттан бері іздестіру шаралары Сарыжар ауылы маңында тәулік бойы жүргізілді. Оған ТЖМ қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер мен ауыл тұрғындары жұмылдырылған.

Іздеу барысында құтқарушылар күн сайын 30–35 км-ге дейінгі су айдындарын тексеріп, жүзу құралдарымен 25–30 км аумақты шолып шыққан. Жаяу топтар жағалау бойымен 15–20 км жерді қараса, дрондар арқылы 10–15 км аумақ бақылауға алынған. Сонымен қатар эхолот құрылғылары да қолданылған.

Алайда іздеу жұмыстары өзеннің қатты ағысы, иірімдері, қалың өсімдіктер мен судың лайлығы салдарынан күрделене түскен.