Үсік, найзағай, шаңды дауыл: 18 сәуірде ауа райы күрт құбылады

Елдің бір бөлігінде үсік жүрсе, өзге өңірлерде жел күшейіп, шаңды дауыл тұруы мүмкін

Үсік, найзағай, шаңды дауыл: 18 сәуірде ауа райы күрт құбылады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның басым бөлігінде 18 сәуірде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, республика аумағына кең ауқымды антициклон әсер етіп, күн ашық болады. Алайда батыс, оңтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде атмосфералық фронттардың ықпалы сақталып, ауа райы құбылмалы сипат алады.

Осы аймақтарда найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Шығыста кей жерлерде қар түсуі мүмкін. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр.

Синоптиктердің дерегінше, республика бойынша тұман түсіп, шығыс пен орталықта көктайғақ болуы ықтимал. Жел күшейіп, батыс өңірлерде шаңды дауыл көтеріледі. Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандарында желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін.

Түнгі уақытта бірқатар өңірде үсік жүреді. Атап айтқанда, Жамбыл облысының солтүстігі мен тау бөктерінде, Түркістан облысының солтүстік және таулы аумақтарында, Алматы облысының тау етегінде, Қызылорда облысының солтүстігінде және Жетісу облысында ауа температурасы -1, -3°C-қа дейін төмендейді.

Сонымен қатар Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл облысының батысы мен оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының бірқатар бөлігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде және Абай облысында жоғары өрт қаупі сақталады.