Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының ашылуына қатысты
Іс-шараға әлемдегі бірқатар елдің көшбасшылары мен делегация басшылары жиналды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, салтанатты жиында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сөз сөйледі.
Форум жұмысына сондай-ақ Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, Молдова Президенті Майя Санду, Сирия Президенті Ахмед Аш-Шараа, Бурунди Президенті Эварист Ндайишимийе, Конго Демократиялық Республикасы Президенті Феликс Чисекеди, Босния және Герцеговина Төралқасының төрағасы Денис Бечирович, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе және өзге де елдердің өкілдері қатысты.
Анталия дипломатиялық форумы жыл сайын жоғары деңгейде өтетін халықаралық пікірталас алаңы. Ол саяси көшбасшыларды, дипломаттарды, сарапшыларды, бизнес, медиа және азаматтық қоғам өкілдерін бір алаңға жинайды.
Сондай-ақ бұл алаң екіжақты және көпжақты байланыстарды нығайтуға, саяси консультациялар өткізуге және бейресми кездесулер ұйымдастыруға мүмкіндік береді.