Алматыда жаңбырдың беті қайтады: апта басында күн күрт жылынады
Демалыста жауын жалғасады, аптаның ортасы жаймашуақ, соңына қарай қайта құбылады.
Алматыда жаңбыр демалыс күндері де тоқтамайды, ал күннің ашылуы келесі аптаның басына қарай ғана байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазгидромет РМК Алматы және Алматы облысы филиалының жетекші инженер-синоптигі Даулет Кесебаевтың мәліметінше, 18 сәуірде түнде және таңертең жаңбыр жауады, желдің екпіні 13 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +3–+5°C, күндіз +13–+15°C болады.
19 сәуірде күндіз жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Желдің бағыты солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 13 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Температура түнде +5–+7°C, күндіз +13–+15°C шамасында сақталады.
20–22 сәуір аралығында жауын-шашын тоқтап, ауа райы біршама тұрақтанады. 20 сәуірде күндіз +18–+20°C болса, 21 сәуірде +23–+25°C-қа дейін жылынады. 22 сәуірде күндізгі температура +24–+26°C-қа жетіп, көктемнің нағыз жылы кезеңі сезіледі. Бұл күндері желдің жылдамдығы 3–8 м/с деңгейінде болады, кей уақытта 15 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Алайда синоптиктер бұл жылымықтың уақытша екенін ескертеді. 23 сәуірде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кешке қарай кей жерлерде нөсер күтіледі. Желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді. Температура түнде +13–+15°C, күндіз +23–+25°C болады.
24 сәуірде қалада бұлтты ауа райы сақталып, жаңбыр мен найзағай қайта жалғасады. Ауа температурасы төмендеп, күндіз +19–+21°C шамасында болады.
Жалпы алғанда, алдағы аптада Алматыда ауа райы тұрақсыз сипатта өтеді. Демалыстағы салқын әрі жауынды күндерден кейін қысқа мерзімді жылымық орнап, аптаның соңына қарай қайтадан жауын-шашын, найзағай және екпінді жел күтіледі.