ҰБТ-ға жаңа талап: талапкерлер енді тек тестпен шектелмейді
Педагогикалық мамандықтарға түсу тәртібі өзгеріп, ауызша емтихан енгізіледі.
Қазақстанда жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі кезең-кезеңімен жаңарып, талапкерлерді бағалау тәсілі өзгереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі жүйеде жоғары оқу орындарының дарынды талапкерлерді өз бетінше іріктеу мүмкіндігі шектеулі. Бұл мәселе, әсіресе, болашақ мұғалімдерді даярлайтын педагогикалық оқу орындары үшін өзекті болып отыр.
Осыған байланысты қабылдау жүйесіне аралас формат енгізу жоспарланған. Яғни талапкерлердің білімі тек тест нәтижесімен емес, қосымша емтихандар арқылы да бағаланады. Бұл тәсіл олардың пәндік білімінен бөлек, ойлау қабілетін, талдау дағдыларын және оқу процесіне дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның ақпарынша, жаңа талаптар келесі жылдан бастап күшіне енеді. Педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар ауызша емтихан қорытындылары да ескерілмек. Әсіресе талапкерлердің сыни ойлау және коммуникациялық қабілеттеріне басымдық беріледі.
Сонымен қатар, қабылдау процесіне халықаралық тәжірибе енгізілуде. Жаңа Admissions Insight Test тапсырмалары талапкерлердің жан-жақты қабілетін бағалауға бағытталған. Бұл өзгерістер білім сапасын арттыруға және адами капиталды дамытуға серпін береді деп күтілуде.