Ұлттық кітап күні қарсаңында Қазақстан футбол федерациясы мен «Кітап оқитын ұлт» қоры спорт пен кітап оқуды ұштастырады
Астанада Қазақстан футбол федерациясы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шара Қазақстанда 23 сәуірде атап өтілетін маңызды мәдени мереке – Ұлттық кітап күні қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжат спорт пен мәдениет салалары арасындағы серіктестікті нығайтуға, қазақстандықтар арасында, соның ішінде кәсіби футболшылар мен спортқа қызығушы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
Меморандум «Кітап оқитын ұлт» жобасын бірлесіп жүзеге асыруды, сондай-ақ «Кітап оқитын спортшы» бағытын белсенді дамытуды көздейді.
Қол қойылған құжат спорт пен мәдениеттің тоғысуындағы жаңа әрі жарқын кезеңнің бастауын білдіреді. Тараптар алдарына өршіл мақсат қойып отыр: кітап оқуды қазақстандық футболшылар өмірінің беделді бөлігіне айналдыру, оларды тәні мықты, рухы бай жаңа буынның нағыз үлгісіне айналдыру.
Бұл серіктестік – жай ғана ресми келісім емес. Бұл – дене күші мен ой қуатын, спорт пен әдебиетті, бүгін мен болашақты тоғыстыратын ауқымды қозғалыс.
Бүгінде Қазақстанда футболмен 1 миллионнан астам адам шұғылданады. Футбол орталықтары мен академиялар жүйесінде шамамен 52 мың бала білім алып жүр, оның ішінде 12 мыңнан астамы – қыздар. Кәсіби лигаларда 1 250-ге жуық ер адам және 500-ден астам әйел қатысады. Әуесқой футболмен шамамен 65 мың адам айналысады, олардың 6,5 мыңнан астамы Қазақстан футбол федерациясы өткізетін лигаларға қатысады.
«Қазақстан озық халықаралық тәжірибеге сүйенеді, онда оқу мен білім футболшыларды даярлаудың ажырамас бөлігі болып саналады. FC Barcelona, Ajax, Manchester City, Bayern Munich және Sporting CP секілді жетекші академиялар мен клубтарда ойыншыны дамыту кешенді түрде жүзеге асады – физикалық және техникалық дағдылармен қатар интеллект, ойлау қабілеті және тұлғалық өсуге ерекше мән беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, оқу, өзін-өзі дамыту және талдау арқылы тиімді шешім қабылдай алатын, жоғары нәтижелерге қол жеткізетін спортшы қалыптасады. Бұл өз кезегінде алаңда да, одан тыс жерде де жеңіске жетудің маңызды факторы», – деді Қазақстан футбол федерациясының кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылқайыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды кітап оқитын ұлтқа айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойған болатын. Бүгін біз осы бағытта нақты қадам жасап, екі қуатты институтты – футбол мен оқу мәдениетін біріктіріп отырмыз. Футболшылар – жастардың кумирі. Егер олар белсенді түрде кітап оқып, өз әсерлерімен бөліссе, бұл бүкіл елге зор серпін береді. Біз физикалық және зияткерлік дамудың үйлесімін қалыптастырып жатырмыз», – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.
Меморандумға қол қою – Қазақстандағы спорт пен мәдениетті дамытудағы жаңа кезеңнің символы. Тараптар бірлескен жұмыс футболшылардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың рухани әрі зияткерлік дамуына елеулі үлес қосатынына сенімді.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасына Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында 189 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласының әкімдіктерімен бірлесіп, «Amanat» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.