Ол бірден полиция бөлімшесіне жеткізілді
Ақтау әуежайында көлік полициясы ұшақ бортынан 36 жастағы Алматы тұрғынын түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жолаушы Ақтау – Алматы бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде-ақ қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол мас күйде болып, айналасындағыларға балағат сөздер айтқан.
Әуе компаниясы өкілінің актісі негізінде әйел рейстен түсіріліп, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Оған екі құқықбұзушылық бойынша айып тағылды: қоғамдық орында мас күйде болу және ұсақ бұзақылық. Сот шешімімен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері әуе кемелерінде жасалған 48 құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 31 дерек алкогольдік ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйде болуға қатысты, 8 дерек – ұсақ бұзақылық, 4 жағдай – ұшақ бортында темекі шегу, сондай-ақ басқа да құқықбұзушылықтар тіркелген.