Қазақстанда қызылша жұқтырған балалардың саны азайып келеді
Дегенмен жағдай әлі тұрақтанған жоқ дейді министрлік
Денсаулық сақтау министрлігі елімізде қызылшамен сырқаттанғандар саны 30 пайызға төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы бір аптада қызылша жұқтырған 212 балатіркелген. Ал бұған дейінгі аптада бұл көрсеткіш 302 болған. Яғни, ресми статистика бойынша сырқаттану шамамен 30 процентке азайған.
Қызылшамен ауырып қалғандардың ең көбі Астанада тіркелген, яғни – 46 адам. Одан кейін Павлодар облысында – 38, кейін Алматы қаласында – 20 және Қарағанды облысында 19 науқас тіркелген. Бұл өңірлердегі көрсеткіштер инфекцияның әлі де белсенді таралып жатқанын аңғартады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 4 240 адам қызылша жұқтырған еді. Оның 76,4 проценті – екпе алмағандар. Яғни, әр төрт науқастың үшеуі вакцина жасамағандар.
Министрлік вакцинация жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтады. Қазірдің өзінде 1 жастағы 69 мың бала, 6 жастағы 66,8 мың бала егілген. Онымен 18 жасқа дейінгі 58,2 мың бала мен жасөспірімге де екпе жасалған.