Астанада жүк көлігінің жүргізушісі мас күйде рульге отырып, қала ішінде емін-еркін жүрген (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады

Фото: Видеодан скрин

Астанада бетон араластырғыш жүк көлігінің жүргізушісі мас күйде рульге отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға сағат 11:00 шамасында болған. 41 жастағы ер адам Байтұрсынов көшесі бойымен HOVA маркалы жүк көлігін басқарып, Шаймерденов көшесінің сол жағына қарай қозғалған.

Полиция қызметкерлері жүргізушіні тоқтатып, тексеру барысында күмән туындауына байланысты медициналық куәландыруға жіберді. Қорытынды бойынша оның жеңіл дәрежедегі мас күйде көлік жүргізген белгілі болды.

«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды», – делінген ПД хабарламасында.

Айта кетейік, мас күйде көлік басқару – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Мұндай заң бұзушылықтар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.