«Жеті жасар балам ұшақ ішінде құсып, құжатын жоғалтып келді»: Air Astana ақысы төленген қызметке немқұрайлы қараған

Баласын сеніп тапсырған ана әуе компаниясын жазалағысы келеді 

«Жеті жасар балам ұшақ ішінде құсып, құжатын жоғалтып келді»: Air Astana ақысы төленген қызметке немқұрайлы қараған
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Тhreads әлеуметтік желісінде басынан өткен оқиғаны баяндаған Әсел есімді келіншек ұлттық тасымалдаушы  «Air Astana» компаниясының қызметіне шағымданған. Ол 7 жастағы баласына әуекомпания арқылы сапарын ертіп жүретін адамның қызметіне ақы төлесе де, баласы қиын жағдайға тап болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің 7 жастағы ұлым Air Astana рейсімен жалғыз ұшты. Ол бұрыннан осылай ұшып жүр. Бұған дейін де бірнеше рет ұшқан, бірақ, мұндай келеңсіз жағдай бірінші рет болып отыр. Сондықтан мен бұл қызметтің қалай жұмыс істеуі керегін жақсы білемін. Ұшып бара жатқанда баламның жағдайы нашарлап кетіп, қатты құсқан. Үстіндегі киімі, іш киімі, шұлығы, тіпті аяқ киіміне дейін былғанып қалыпты. Осы сәтте жанында ешкім болмаған», - деп жазады ашынған ана.

Қатты құсқан баласы анасына аудио хабарлама жазып, суреттерін жіберген екен. 

«Балам қорқып қалған. Өзінің үстін ластап алғанына ұялып та тұр. Ал осындай кезде балама ешбір ересек көмектеспеген. Ал мен сол қызмет үшін ақша төледім», - дейді ол.

Әселдің айтуынша, ең сорақысы қызметкерлер баланы күтіп алушыдан ештеңе сұрамай, сол күйі ертіп жіберіпті.  

«Ереже бойынша, баланы нақты бір адамға ғана тапсыру керек. Құжаттарын тексеріп, жеке басын растап, міндетті түрде қол қойдыру керек еді. Алайда олар бөтен біреуге ертіп жібергендей, ешбір ақпаратты нақтыламаған. Баланы басқа біреу алып кетсе, не болар еді? Сондай-ақ баламның Туу туарлы куәлігі де жоқ. Жоғалтып алған. Ешкім нақты жауап бермей отыр», - деді Әсел.

Ашынған ана қызметтің ақшасы төленсе де, баласына салғырт қараған «Air Astana» қызметкерлерінен жауап күтеді. Редакция осы мәселеге байланысты компанияға сұрау жолдады.