Оның ата-анасына айыппұл салынды
Павлодар қаласында түнгі уақытта мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты іс сотта қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға биыл наурыз айында болған. 2008 жылы туған жасөспірім BMW 523I автокөлігін жүргізуші куәлігінсіз және орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйде басқарған. Бұл дерек медициналық сараптама арқылы расталған.
Сот отырысында жасөспірім өз кінәсін толық мойындады. Оның жолға шығар алдында алкоголь ішкенін заңды өкілі де растады.
Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хаттама, сараптама қорытындылары және өзге де іс материалдары негізінде жасөспірімнің кінәсін дәлелденген деп таныды. Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 8-бөлігі бойынша сараланды.
Құқықбұзушының кәмелетке толмағаны және айыппұл төлеуге мүлкінің болмауы ескеріліп, әкімшілік жаза оның заңды өкіліне жүктелді.
Сот қаулысымен жасөспірімнің ата-анасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды. Шешім заңды күшіне енді.