Қазақстанда кәсіпкерді 1 млн долларға алдап кеткен күдікті 10 жылдан кейін Германияда ұсталды

Автор: Асыл Арман

Халықаралық іздеудегі алаяқ Германиядан Қазақстанға жеткізілді

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті 10 жылдан астам уақыттан кейін Германиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы елшілігінің қолдауымен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында аталған елден шетелдік азамат экстрадициялады.

Тергеу барысында көрсетілген тұлға 2014 жылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, компьютерлік техниканы жеткізуге жәрдем көрсету сылтауымен қазақстандық кәсіпкердің 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражатын алдау жолымен иемденгені анықталды.

«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың қыркүйегінде ол Германияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазіргі уақытта сотталушы тергеу изоляторына қамалды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.