«Енді құтыруға қарсы вакцина алу керек»: Көкшетауда айы-күні жақындаған әйелді бұралқы иттер қауып алған

Автор: Аягөз Құрмаш

Әйел бірнеше аптадан кейін босанады 

Фото: https://t.me/halyqstan/13884

Көкшетау қаласының Бурабай ықшам ауданында акушердің қабылдауынан шығып, үйіне бара жатқан жүкті әйелді бір үйір ит қауып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көшеде топ болып жүрген оншақты ит көшеде өтіп бара жатқан бірнеше әйелге шап берген. Өкінішке қарай, бірнеше аптадан кейін босатанатын әйел қаша алмай, иттер оның аяғын қауып алған. 

«Бізге шамамен оншақты ит жүгірді. Алдымен олар менің жанымда келе жатқан әйелге тап берді, кейін маған қарай ауысты», - дейді жәбірленуші.

Абырой болғандай, сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам иттерді қуып, аяғы жараланған әйелге жедел жәрдем шақырып берген. Осы оқиғаға қатысты редакция облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрау жолдады.  

Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жүкті әйел жүгінген. Иттер оның оң жақ балтырын тістеп, жаралаған.

«Қарау барысында оң жақ балтырдың ортаңғы үштен бір бөлігінің артқы бетінде ұзындығы 5 см-ге дейін жететін жара анықталды. Дәрігерлер аяғын тазалап, таңып берген.  Иттен жұғатын аурулардың алдын алу мақсатында құтырудың алдын алу үшін антирабиялық «Рабивакс» вакцинасы, сіреспеге қарсы сарысу және сіреспе мен дифтерияға қарсы АДС-М вакцинасы салынды», - деп хабарлады облыстық денсаулық басқармасы.

Денсаулық сақтау басқармасының мамандары түсіндіргендей, қазір жүкті әйелді өзі тіркелген емхана қалған бірнеше аптасында аса қатты бақылауға алып, ана мен құрсақтағы баланың денсаулығын күнде тексеріп отырады. Және дәрігерлер ит қапқаннан кейін салынатын вакцинация курсын толық аяқтау керегін міндеттеп отыр.

«Науқас болған жағдайдан қатты қорқып қалған, әйелдің жүкті болғанына 8 айдан асты, сондықтан жағдай күрделі. Мұндай күйзеліс пен жарақаттар әйелдің өзіне де, болашақ балаға да жоғары қауіп төндіреді», - дейді олар.