Үш бала көз жұмған Астанадағы өрт: ТЖМ көлікке қатысты кешігу туралы мәлімдемені жоққа шығарды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖД) құтқарушылардың өртті сөндіруге кешіккені және жолды бөгеген автокөлікке қатысты ақпараттарға түсініктеме берді.

Фото: ТЖД

Астанада 3 баланың өмірін қиған өрттен кейін әлеуметтік желіде тараған құтқарушылардың кешігіп әрекет еткені туралы ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрлік мәліметінше, желіде айтылғандай өрт сөндірушілердің 20 минут бойы әрекетсіз отырғаны шындыққа жанаспайды. Оқиға орнына жеткен алғашқы бөлімшелер пәтер толықтай жанып жатқанын анықтаған. Бұл өрттің кеш байқалғанын көрсетеді.

Құтқарушылар бірден эвакуация мен өртті сөндіру жұмыстарына кіріскен. Ауладағы көліктердің ретсіз қойылуы белгілі бір деңгейде кедергі келтіргенімен, негізгі өрт сөндіру әрекеттеріне айтарлықтай тосқауыл болмаған. Министрлік дерегінше, кіреберісте тұрған автокөлік тек биіктікте жұмыс істейтін арнайы техниканың аулаға енуін қиындатқан. Полиция қызметкерлері көлік иесін жедел анықтап, 6–7 минут ішінде оны аумақтан шығарған. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомство өкілдері ірі техникамен көлікті бұзу әрдайым мәселені шешпейтінін атап өтті. Мұндай әрекет қосымша материалдық шығын мен құқықтық дауларға әкелуі мүмкін.

Қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Өрт кезінде күйік алған әйел құтқарылып, №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнынан 3 кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.