Найзағай мен дауыл күшейеді: 17 сәуірде елдің басым бөлігінде ескерту жарияланды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазгидромет синоптиктері бірнеше өңірде қатты жауын-шашын, жел күшеюі және көктайғақ болатынын ескертті.

Фото: freepik.com

Қазақстанның басым бөлігінде 17 сәуірде ауа райы күрт құбылып, бірқатар өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазгидромет мәліметінше, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл жиілейді. Әсіресе Түркістан облысының таулы аймақтарында қатты жаңбыр мен тұман күтіледі. Өңірдің бірнеше бөлігінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Осындай құбылыс Шымкент пен Түркістан қалаларында да байқалады.

Жетісу облысында да ауа райы тұрақсыз: жаңбыр мен найзағайға қоса, таулы аумақтарда қатты жауын-шашын, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Алматы облысында, соның ішінде Іле Алатауы маңында, жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түседі. Күндіз бұршақ аралас дауыл соғып, желдің екпіні 17-22 м/с, кей уақытта 28 м/с-қа дейін жетеді. Алматы мен Қонаев қалаларында да найзағайлы жаңбыр күтіледі.

Орталық және шығыс өңірлерде де жағдай күрделі. Ұлытау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жауын-шашын қармен араласып, жолдарда көктайғақ болады. Кей жерлерде қатты жауын-шашын мен тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.

Батыс өңірлерде негізінен тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендейді. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Орал, Ақтау қалаларында түнгі және таңғы уақытта тұман жиіледі.

Қызылорда облысында жел күшейіп, шаңды дауыл тұруы мүмкін. Өңірдің бірқатар бөлігінде жаңбыр мен найзағай қатар жүреді. Желдің екпіні 15-20 м/с деңгейінде болады.

Солтүстік өңірлерде жел күшейеді. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тұман мен екпінді жел күтіледі. Павлодар облысында да желдің күші 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Жамбыл облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ аралас дауыл болжанып отыр. Таулы аймақтарда түнде қар аралас жауын-шашын болуы мүмкін.

Синоптиктер бірқатар өңірде жоғары өрт қаупі сақталатынын да ескертті. Сонымен қатар, жолдағы көктайғақ пен желдің күшеюі тұрғындар үшін қосымша қауіп төндіруі ықтимал.