Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне дайындығы: жастар мен еңбек нарығындағы жағдай талқыланды

Жасанды интеллект болашақта 14 мамандықты ауыстыруы мүмкін 

Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне дайындығы: жастар мен еңбек нарығындағы жағдай талқыланды
Фото: Azattyq Ruhy

«AMANAT» париясының жастарды қолдау кеңесінде «Жасанды интеллект пен цифрландыру дәуіріндегі жаңа дағдылар мен сын-қатерлер» тақырыбы талқыланады. Кезекті отырыс Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануына орай ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында аталған бастамалардың іске асырылу барысы сараланып, жастардың цифрлық дағдыларын дамыту және заманауи технологиялар дәуіріндегі өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» париясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев  қазір ел үшін ғана емес, жалпы әлем үшін, төрткіл дүниенің дамуы үшін өте маңызды кезең болып отыр дейді. 

«Бұл - адамзаттың жаңа дағдыларын қалыптастырып жатқан уақыты. Сондықтан дәл осы саланың елімізде қалай дамып жатқаны біз үшін аса өзекті. Бүгінде елімізде әлеуметтік салада, ақпараттық-коммуникациялық және мәдениет саласында, сондай-ақ білім мен ғылым бағытында - мектептерде, жоғары оқу орындарында және колледждерде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталамыз. Ең маңызды бағыттардың бірі - еңбекпен қамту саласы. Қазір жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дамыған сайын жұмыс орындары қысқарады деген түрлі пікірлер мен қауіптер айтылып жүр. Осы мәселелерге байланысты мемлекет пен тиісті органдардың қандай шешімдер қабылдап жатқаны - бүгінгі талқылаудың негізгі өзегі», - дейді Сәрсенғалиев.

Депутат 2026 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын еске салды. 

«Бұл салаға үлкен басымдық беріліп отыр. Арнайы цифрлық кодекс және тиісті заң жобалары қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жасанды интеллект бағыты бойынша жеке министрлік құрылып, оның басшысы премьер-министрдің орынбасары деңгейінде бекітілді. Бұл - мемлекет тарапынан беріліп отырған үлкен сенім мен басымдықтың көрінісі. Сонымен қатар, еңбек нарығына қатысты негізгі баяндаманы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі ұсынады. Себебі жасанды интеллект дамыған сайын тек технология емес, ең басты мәселе- халықтың әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы және табыс деңгейі. Қазіргі басты сұрақтардың бірі - жаңа технологиялар мен роботтандырудың әсерінен жұмыс орындары қысқара ма деген қауіп. Осыған байланысты қандай шаралар қабылданып жатыр - бүгін соны талқылаймыз», - деді Сәрсенғалиев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Бахтияр Жазықбаевтың айтуынша, бүгінде жасанды интеллект шындыққа айналды.

«Ол еңбек процесіне және жұмыстың мазмұнына айтарлықтай өзгеріс енгізуде. Ең бастысы - жұмыстың мазмұны өзгеріп, жаңа мамандықтар пайда болуда. Қазірдің өзінде басталған ауқымды трансформациялар. Біздің міндет - осы үдерісті тиімді басқару.Министрлік тарапынан еңбек нарығына жан-жақты талдау жүргізілді. Нәтижесінде 9,2 миллион жұмыспен қамтылған азамат және 1278 мамандық зерттелді. Барлық мамандықтар сала әсеріне қарай бес топқа бөлінді.2030–2035 жылдары 14 мамандықтың жойылуы күтіледі. Бұл салаларда 509 мың адам жұмыс істейді, яғни бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 0,45%-ын құрайды. 46 мамандық сақталады, алайда олардың саны қысқарады. Бұл бағыттарда 365 мың адам еңбек етеді», - дейді ол.

Вице-министр атағандай, 562 мамандық трансформацияға ұшырайды. Бұл салаларда 4 миллион адам жұмыс істейді, бұл еңбек нарығының 44% деген сөз. Ал 656 мамандық өзгерістерге ұшырамайды. Бұл бағыттарда 4,8 миллион адам еңбек етеді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева демократия жағдайында экономикалық белсенді халық ерекше назар аударуды қажет ететін топ деп отыр.

«Бұл ретте ең алдымен жастар туралы сөз болып отыр. Жастардың әлеуеті жоғары, олар мобильді, сондықтан олармен жүйелі түрде жұмыс істеу қажет.Бүгінде жастар қоғамның негізгі бөлігін құрайтынын атап өткен жөн. Болашақта дәл осы жастар еңбек нарығында босап қалу қаупіне ұшырауы мүмкін, себебі бастапқы кезеңде олардың біліктілік деңгейі жеткіліксіз болуы ықтимал. Ал технологиялар мен жасанды интеллект көптеген процестерді автоматтандырып жатыр. Сондықтан бұл тақырыптың өзектілігі өте жоғары. Дегенмен, қазірдің өзінде реттеуші деңгейде жүзеге асырылуы тиіс мәселелер бар. Соның бірі - жасанды интеллекттің құқықтық субъектілігі. Бірақ қандай жағдайда да соңғы шешімді адам қабылдауы тиіс. Бұл тәсіл көптеген мамандықтарды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мамандықтар трансформацияға ұшырайды, қайта даярлау мен біліктілікті арттыру қажет болады. Бір нәрсе - жұмысты автоматты түрде орындау, ал екінші мәселе жауапкершілік. Қалай болғанда да, жауапкершілік адамда қалуы тиіс», - дейді депутат.

Смышляева атағандай, кейбір жұмыс орындары 90%-ға дейін автоматтандырылуы мүмкін. Алайда қалған 10%  бұл адамның жауапкершілігіне тікелей байланысты дүние. Нәтиже үшін жауап беретін де адам.

«Тағы бір маңызды мәселе  бүгінде жасанды интеллект саласында идеяларды жүзеге асыруға арналған көптеген құралдар жасалуда. Жастарға бағытталған бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылып жатыр. Алайда бұл жеткіліксіз. Алдағы уақытта жасанды интеллект институттарын ашу жоспарлануда. Онда әртүрлі мамандықтарға қолдануға болатын модульдер әзірленеді. Сонымен қатар, цифрлық дағдыларды жоғары оқу орындарында жеке бағыт ретінде енгізу мәселесі көтерілуде. Бұл енді бір ғана мамандықтың бөлігі емес, әмбебап дағдыға айналып отыр.Сондықтан басты мақсат - тек қайта оқыту емес, бастапқыдан дұрыс білім беру. Біреуді қуып жетудің қажеті жоқ, ең әуелі сапалы білім беру керек. Мемлекет жастардың қазіргі еңбек нарығына бейімделуі үшін барлық қажетті жағдайды жасауы тиіс», - дейді депутат.

Ал ІТ-сарапшы Тимур Бектұр Қазақстан үшін жасанды интеллектіні меңгеру саласында атқару керек жұмыс әлі көп деп есептейді.

«Өз басым Қазақстандағы ауыл мен ауданның барлығын аралап шыққан адам ретінде айтатыным - жастардың технологиялық сауаты мен жасанды интеллект бойынша дайындығы туралы мәселе өте өзекті.Жалпы, аудан деңгейіне дейін жағдайды қарасақ, қоғамда бұл бағытта әлі де олқылықтар бар. Бұрын айтылғандай, біз студенттерді мектептен бастап қамтуға тырысамыз, бірақ мәселе тек сонымен шешілмейді. Біз жастарды қаншалықты ұстап қала аламыз деген сұрақ туындайды. Кез келген қоғам мен мемлекеттің мықтылығы оның ең әлсіз адамына байланысты. Ал біздегі әлсіз тұс - жастардың еңбек нарығына бейімделуі», - дейді маман.

Сарапшы атағандай, қазіргі таңда Қазақстанда шамамен төрт миллионға жуық жас бар.

«Бұл - үлкен ресурс. Бірақ сонымен бірге үлкен жауапкершілік те бар. Жуырда бір сарапшы айтқандай, әлемде қазір 50 миллионға жуық программист бар. Ал алдағы уақытта, кей болжамдар бойынша, бір миллиард адам белгілі бір деңгейде программист болады. Яғни адам қаласа да, қаламаса да, ол цифрлық дағдыларды меңгерген маманға айналады. Ол мұғалім болсын, заңгер болсын, дәрігер немесе агроном болсын бәрібір цифрлық жүйемен жұмыс істейді. Сол тұрғыдан алғанда, біз осы жаһандық толқынның ішінде өз орнымызды анықтауымыз керек. Бірақ менің уайымым - Қазақстан бұл процесте қаншалықты үлес ала алады деген сұрақ.Тағы бір маңызды мәселе  жасанды интеллектке дайындық тек білім беру жүйесімен шектелмеуі керек. Бұл жерде инфрақұрылым да өте маңызды», - дейді сарапшы.

Тимур Бектұрдың айтуынша, қазіргі таңда біз кейде цифрлық мүмкіндіктерді мақтан тұтамыз. Бірақ шын мәнінде, инфрақұрылым жағынан көптеген мәселелер бар.

«Мысалы, ортақ жүйелер, деректерге қолжетімділік, платформалардың бірізділігі толық қалыптаспаған.Кей жерлерде қызметтер ақылы, кейде қымбат, ал кейде мүлдем қолжетімсіз. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан жаңа технологиялар енгізілген кезде ол ортақ, қолжетімді және қауіпсіз платформа болуы керек. Бүгінгі таңда IT саласында жұмыс істейтін мамандар бар, бірақ нарық толық қалыптаспаған. Кейде бұл жүйе реттелмеген, ал кей жағдайда технологиялар арзан немесе тиімсіз түрде қолданылып жатыр. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет», - деп түйіндеді ол.

Кеңесте айтылған барлық маманның сын-пікірлері хаттамаға енгізіліп, шешілуі үшін әрі қарай пысықталады. «AMANAT» партиясы мәселелерді құзырлы органдарға жеткізу бойынша жұмысын жалғастырады.