Үкімет диқандарға 612 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беретін болды

Автор: Асыл Арман

Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмысына 750 млрд теңге бағыттау жоспарланған

Фото: istockphoto.com

Үкімет диқандарға көктемгі егістік жұмысына деп 612 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беретін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында 2025 жылғы 1 қазаннан өтінім қабылдап жатқан «Кең дала 2» бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр.

Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмысына 750 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды.

Бүгінгі күні 4,5 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 612 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл 7,2 млн гектар егіс алқабын қамтып отыр.

Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі қатар қолға алынуда. Бұл тетік несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді. Есепті кезеңде 191 млрд қаржыға 1 125 кепілдік берілді.

«Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынының артқан. Мәселен, 114 млрд теңгеге 2,9 мың бірлік арнайы техника жеткізуге 1,8 мың жеңілдетілген лизинг шарты жасалды. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың осы кезеңінде лизинг келісімдерінің көлемі 30,4 млрд теңгені құраған, бұл саланы жаңғыртудың айтарлықтай қарқынды екенін айғақтайды. Қаржыландырудың ерте басталуы аграршыларға биылға егіс науқанына алдын ала дайындалуға жол ашты. Алынған қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталуда», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмысын дайындау мен өткізуге, сондай-ақ егін жинау науқаны мен маусымдық шығындарды жабуға қолжетімді болмақ. Қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының филиалдық желісі арқылы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар және басқа да ұйымдар арқылы ұсынылады.