Скрининг нәтижесінде 12 мыңнан астам балада даму бұзылыстары анықталған
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Мәжілістегі комитет отырысында инклюзивті білім берудегі түйткілдер мен шешімдер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінде инклюзивті білім беру – барлық баланың қабілеті мен мүмкіндігіне қарамастан сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Елімізде 0-ден 18 жасқа дейінгі 237 мың ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 193 341-і білім беру ұйымдарында оқиды. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия қорытындысы бойынша шамамен 17 мың бала үйде білім алып отыр, оның ішінде 1300-і – соматикалық ауруларға шалдыққан балалар», - деді Ақпарова ннклюзивті білім беруді қалыптастыру және дамыту туралы комитеттің тақырыптық отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше қажеттілігі бар жастар 181 мамандық бойынша білім алып жатыр.
«Қазір 6500 педагог-ассистент және 129 жеке көмекші жұмыс істейді. Олардың қолдауының нәтижесінде 4 мыңға жуық бала мектепте білім алуға мүмкіндік алған. Білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам арнайы педагог еңбек етеді. Дегенмен, бүгінде 3408 маманға сұраныс бар. Кадр тапшылығын шешу үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, 8 колледжде логопедия мамандары даярлануда. 2026–2027 оқу жылынан бастап тағы 3 колледжде педагог-ассистенттерді дайындау жоспарланып отыр. Педагогтердің біліктілігін арттыру ұлттық және арнайы орталықтарда жүзеге асырылып жатыр. Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған оқу жоспарлары мен бағдарламалар әзірленген. 2025 жылы 48 оқулық сараптамадан өтіп, бекіту кезеңінде тұр. Қазіргі уақытта 59 оқулық сараптамадан өтуде, ал биыл тағы 46 оқулық әзірленіп жатыр. Сонымен қатар 40 арнайы оқу бағдарламасы дайындалып, сараптамаға ұсынылады»», - деді ол.
Шынар Ақпарова атағандай, әдістемелік қолдау күшейіп жатыр: бүгінгі таңда 6 әдістемелік ұсыным білім беру ұйымдарында қолданылып жатыр, ал биыл тағы 4 ұсыным әзірлеу жоспарланған.
Сонымен бірге, жүйеде бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда:
«Бұл проблемаларды шешу «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасында қарастырылған. Заң жобасының негізгі жаңашылдықтарының бірі – ерте анықтау және ерте қолдау жүйесін дамыту. Себебі қазіргі таңда балалардың ерекше қажеттілігі көбіне балабақшаға келген кезде ғана анықталады. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, скрининг нәтижесінде 12 мыңнан астам балада даму бұзылыстары анықталған. Алайда олардың тек 8500-і ғана ПМПК арқылы тіркеліп, қажетті психологиялық-педагогикалық көмек алып отыр»,- деді ол.