Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президентіне хат жолдады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазақстан президенті әріптесіне хат жолдап, тұрақтылық пен диалогтың маңызын атап өтті.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға хат жолдап, Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты қолдау білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы өз жолдауында қазіргі геосаяси ахуал аясында БАӘ-ге тілектестік білдіріп, елдің тұрақты дамуына сенім артқанын жеткізді.

"Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның тегеурінді, парасатты әрі көреген басшылығымен БАӘ қауіп-қатерді еңсеріп, қарқынды стратегиялық даму бағдарын жалғастыратынына сенім білдірді",-деп жазды Ақорда.

Сондай-ақ Президент дипломатия мен сындарлы диалог ұзақмерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізудің ең сенімді жолы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының хаты Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін және стратегиялық ынтымақтастықтың нығая түскенін аңғартады.