Шетелге кеткен әкелерден алимент өндіру жеңілдейді: президент құжатқа қол қойды
Тоқаев тиісті халықаралық хаттамаға қол қойып, құжат ратификацияланды.
Қазақстанда шетелде жүрген борышкерлерден алимент өндіріп алу тәртібі жеңілдетілді. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы трансшекаралық құқықтық көмекті реттейтін халықаралық құжатқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.
«Мемлекет басшысы "1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарламада.
Құжатқа енгізілген негізгі өзгеріс – кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтарын ТМД елдерінде тану және мәжбүрлеп орындау мүмкіндігін кеңейту. Сондай ақ:
сот бұйрықтарын орындау туралы өтініш беру тәртібі біріздендіріледі;
қажетті құжаттардың нақты тізбесі белгіленеді;
борышкердің тиісінше хабардар етілгенін растау талабы енгізіледі;
ал тиісті түрде хабарланбаған жағдайда бас тартудың қосымша негіздері қарастырылады.
Жаңа нормалар трансшекаралық жағдайда алимент өндіріп алуды жеделдетуге және балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.