Шілде айынан бастап барлық банк бір QR–код арқылы төлем қабылдауға көшеді
Ұлттық банк бұл мерзімге дейін барлық банктердің жүйеге қосылуын қамтамасыз етуі керек
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлім еткендей, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздегі барлық екінші деңгейлі банк бір QR код арқылы төлем қабылдауға техникалық мүмкіндік ұсынуға міндетті болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл мәселе толықтай Ұлттық банктің құзыретіне жатады. Олар ұлттық деңгейде бекітілген жүйені құруға жауапты. Ал жүйеге қосылу мәселесі бойынша заң деңгейінде барлық банктер үшін бірыңғай төлем жүйесіне міндетті түрде қосылу талабы енгізілді. Бұл норма биылғы шілде айында күшіне енеді. Біздің ақпарат бойынша, Ұлттық банк бұл мерзімге дейін барлық банктердің жүйеге қосылуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Әбілқасымова Мәжілістегі брифингте.
Бұған дейін төлем жасау жүйелеріне қатысты, оның ішінде Face Pay сияқты технологияларды енгізу кезінде жеке деректердің қорғалуына байланысты шағымдар мен сұрақтар болған. Журналистер осыған байланысты «тексеру бола ма?» деген сұрақ қойды.
«Сіздің алдыңғы сұрағыңыздан кейін біз тиісті тексеру жүргіздік. Барлық техникалық деректер сұратылып, жан-жақты талдау жасалды. Тексеру нәтижелері жарияланып, біздің ресми сайтта толық ақпарат берілді. Ол жерде техникалық мәліметтер кеңінен көрсетілген.Жалпы алғанда, бұл бағытта бірінші кезекте ақпараттық қауіпсіздік және қаржы қызметтерін тұтынушылардың дербес деректерін қорғау мәселесі басты назарда тұр», – деді ол.
Бұл талап «Төлем және төлем жүйелері туралы» заңға енгізілген түзетулер арқылы бекітілген еді.