Кафе мен дүкендерді аралаған: Астанада жалған маман кәсіпкерлерді тақырға отырғызып кеткен
Жалған сервис қызметкері кәсіпкерлерді алдап кеткен
Астанада алаяқ кафе, компьютерлік клубтар мен дүкендерді аралап жүріп, өзін кондиционерлерді, бейне камераларды, ауа тартқыштарды жөндейтін маман ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді алдап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, ол әдейі және пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, мекеме қызметкерлері мен иелерін адастырып, техникалық қызмет көрсетіп жатқандай көрініс қалыптастырған.
Жәбірленушілердің сеніміне кірген сәттен, олардың ірі ақшаларын ұсақ ақшаға айырбастап беруді ұсынып, ұсақ ақша өзінің автокөлігінде бар екенін айтып, сол жерде қашып кеткен.
Алаяқтың әрекеттерінен 18 адам зардап шегіп, жалпы сомасы шамамен 3 млн теңгені құраған шығын келтірілген. Ол қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсаған.
«Прокурор ұсынған дәлелдемелер негізінде сотталушының кінәсі толықтай дәлелденді. Сот үкімімен ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Материалдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.