Енді Қазақстанда қайтыс болған адамның зейнетақы қорындағы ақшасын мұрагерлері бөліп-бөліп емес, толық ала алады

Мәжіліс зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңа өзгеріс енгізді

Енді Қазақстанда қайтыс болған адамның зейнетақы қорындағы ақшасын мұрагерлері бөліп-бөліп емес, толық ала алады
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Мәжілісте зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңа норма қабылданды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов өзгерістер қандай норманы қамтитынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазіргі жүйеде аннуитеттік зейнетақыны 55 жастан бастап рәсімдеген азаматтар зейнеткерлікке ерте шыға алады. Алайда кей жағдайларда азаматтар зейнет жасына жетпей қайтыс болуы мүмкін.

«Мұндай жағдайда оның қалған қаражаты мұрагерлерге өтеді. Бірақ, қазіргі тәртіп бойынша бұл қаражат бірден берілмей, белгіленген мерзімге сәйкес ай сайын бөліп төленеді», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, өңірлерде азаматтар тарапынан осыған қатысты бірқатар ұсыныс түскен.

«Атырау, Ақтау және басқа да елді мекендерге сапар кезінде  азаматтар бір реттік төлем алу мүмкіндігін қарастыруды сұрады», – деді ол.

Осыған байланысты заңнамаға өзгеріс еніп, жаңа мүмкіндік қарастырылған. Енді мұрагерлерге аннуитет бойынша қалған қаражатты бірден алу құқығы берілуі мүмкін.

«Бұл азаматтардың мүддесін қорғайтын маңызды шешім деп санаймыз», – деді депутат.

Мәжілісте бүгін Сенатқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жолдады.