Мүгедектікті рәсімдеу жеңілдей түсті: енді Қазақстанда комаға түскен адамдар үшін туыстары өтініш бере алады

Мәжілісте заң жобасы аясында фармацевтика және әлеуметтік салаға қатысты бірқатар маңызды өзгерістер айтылды

Мүгедектікті рәсімдеу жеңілдей түсті: енді Қазақстанда комаға түскен адамдар үшін туыстары өтініш бере алады
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Мәжілістің екі комитеті дауыс беріп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Сенатқа жолдады. Заң жобасы аясында дәрі-дәрмек қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа нормалар енгізілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов заң жобасының бағыттарын кулуарда түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда дәрі-дәрмек нарығында бірқатар түйткілдер бар.

«Бізде ең үлкен проблемалардың бірі – дәрі-дәрмектің қолжетімділігі. Кейбір қажетті препараттарды азаматтар қаржысы бола тұра таба алмайды. Салыстырмалы түрде алсақ, көршілес елдерде 17 мыңға жуық дәрі тіркелсе, бізде бұл көрсеткіш 6 мыңнан сәл асады», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл жағдай азаматтардың қажетті емдік препараттарға қол жеткізуін қиындатып отыр.

Дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі қысқарады

Депутаттың айтуынша, заң жобасы аясында дәрілерді тіркеу рәсімін жеңілдету көзделген. 

«АҚШ пен Еуропада рұқсат етілген жаңа әрі тиімді дәрілерді ұзақ бюрократиялық рәсімсіз, 15–30 күн ішінде Қазақстанда тіркеуге мүмкіндік беретін норма енгіздік», – деді ол.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерді тіркеу мерзімі де қысқартылмақ. Қазіргі 200 күндік процесс іс жүзінде жылдарға созылып кететін жағдайлар бар. Жаңа тәртіп бойынша бұл мерзім 100 күнге дейін қысқарған. 

Министрлікке жаңа өкілеттік берілді

Депутаттың айтуынша, кейбір арзан дәрілер фармацевтикалық компаниялар тарапынан сұраныс болмағандықтан нарыққа шықпай қалады.

«Бағасы өте төмен болғандықтан, кейбір дәрілерге компаниялар өтініш бермейді. Соның салдарынан азаматтар арзан әрі қажет препараттарға қол жеткізе алмай отыр», – деді ол.

Осыған байланысты уәкілетті органға дәрілерді өз бетінше тіркеу құқығы берілмек.

Шикізат сапасы қатаң бақыланады

Заң жобасында дәрі өндірісіне арналған шетелдік субстанцияларды бақылау күшейеді. Енді елге келетін фармацевтикалық шикізат кеденде тексеріліп, оның құрамы мен сапасы қатаң бақылаудан өтеді.

Мүгедектік рәсімдеу жеңілдейді

Сонымен қатар әлеуметтік салада да өзгерістер қарастырылған. Депутат комаға түскен азаматтардың мүгедектік алу рәсіміндегі қиындықтарға тоқталды. Қолданыстағы тәртіп бойынша, өтінішті адамның өзі беруі тиіс, бұл жағдай мүмкін емес кезде әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу қиындайды.

«Енді мұндай жағдайда өтінішті туыстары немесе жақындары бере алады. Комиссия барып, азаматтың жағдайын растайды. Осылайша мүгедектік рәсімі жеңілдеді», – деді Асхат Аймағамбетов редакция тілшісіне.

Оның айтуынша, бұл шешім әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған.