Ол қоғамдық марапатты реттеу қажет дейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды атақ пен даңқа құмарлық артқанын айтып, бұл әрекеттерді сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Хәкім Абай, қара сөздерінде адамның бойындағы ең қауіпті дерттің бірі – орынсыз мақтан мен жалған беделге ұмтылу екенін айтқан. Адам еңбегімен емес, атағымен көрінгісі келсе – бұл қоғамның әлсіреуінің белгісі. Бүгін біз дәл осы құбылыстың жаңа түрімен бетпе-бет келіп отырмыз. Бүгінде тойдағы даңғазалықтың шегі болмай тұр. Той иелері есік аттаған құдаларға «үздік құда» деген төсбелгі тағып, қасиетті марапат ұғымын мәнсіз ойыншыққа айналдырып жіберген. Бұл тек тойдың деңгейінде қалса, жақсы ғой. Бірақ дерт қоғамға әсер етіп, өндіріс орыны мен еңбек ұжымдарына жетті. Псевдомарапат мен қолдан жасалған төсбелгілер алу модаға айналды. Алып жатқан кейбір медаль мен төсбелгінің қадірі әлгі «үздік құда» төсбелгісінен де аспайды. Алайда, оған сұраныс бары қынжылтады», - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл бір қарағанда тек атаққұмар адамдардың әлсіздігі сияқты көрінгенмен, мәселе бұдан әлдеқайда терең.
«Өйткені бұл процеске екі жақ та қатысып отыр.Бір жағында жылтыраққа, арзан атаққа, мақтангершілікке әуес азаматтар. Екінші жағында сол «марапатты» таратып жүрген қоғам белсенділері, бетке ұстар азаматтар, тіпті өнер мен қоғам қайраткерлері.Яғни, мәселе жеке адамдарда емес мәселе, бұл осылай жүйеге айналып бара жатқанында.Кейбір пысықайлар «алтын адам», «ғасыр адамы» атты энциклопедия шығарып,300 мың теңге төлесеңөзіңді де, ата-бабаңды да «алтын адамдар» қауымына қосып беретін болды», - деді ол өзінің депутаттық сауалында.
Ерболат Сатыбалды атағандай, «Қазақстанның құрметті азаматы» «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Қазақстанның қайраткері», «Алаш ұлы», «Ұлы Дала ұлы» «Арда азамат», «Тұлға» тізе берсең, шегі жоқ жалған төсбелгі мен ордендер.
«Бұл атақтың, абыройдың, тарихтың ашық саудасы.Ал Мұндайды ұйымдастырып жүргендер қоғамдағы құндылықтарды жойып жатқан қаскөйлер. Керек десеңіз — бұлар «ұлт жауы» деген ең ауыр моральдық атаққа лайық адамдар.Нақты мысал, 2025 жылғы 25 желтоқсанда «Qazaqstan ardagerleri» қоғамдық бірлестігі бірнеше азаматқа Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Батыр шапағаты», «Ел жанашыры» секілді белгімен марапатады. Аталған белгінің атауы мен сыртқы келбеті мемлекеттік наградаға ұқсас деп танылып, ұйымдастырушының біріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 674-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл салынды», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, егер атақ оңай берілсе, оның құны құрымақ, ал марапат сатылса, әділдіктің жоғалғаны.
«Нәтижесі жалған бедел көбейіп, шынайы еңбек көлеңкеде қалады.Ал ортамыз тек жылтырақ пен бос даңғазаға толмақ. Қолданыстағы заңда «қоғамдық марапат» ұғымы нақты айқындалмаған. Соның салдарынан қоғамдық бірлестік, қауымдастық және өзге ұйымдар тағайындайтын марапат арнайы құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.Бастысы, қоғамдық марапаттарда тарихи тұлғалардың есімін және «Құрметті», «Еңбек сіңірген», «Даңқ», «Батыр», «Намыс» сияқты мәртебелі атауды қолдану жиі кездеседі. Бұл жағдай мемлекеттік наградалармен шатастыру қаупін тудырып, алаңдаушылыққа себеп болып отыр», - дейді ол.