«Мұғалім түнгі екіде тойхананы күзетуге міндетті емес»: Аймағамбетов түлектер кешіне ата-ананың өзі жауапты екенін айтты

Ол балаларға ата-аналар жауапкершілік алуы керек дейді

«Мұғалім түнгі екіде тойхананы күзетуге міндетті емес»: Аймағамбетов түлектер кешіне ата-ананың өзі жауапты екенін айтты
Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мектеппен қоштасу кешін өткізбеу туралы мәселені бір емес, бірнеше министр ұзақ жылдар бойы қозғап келе жатқанын еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұған дейін бірнеше министрдің кезінде де бұл мәселе бірнеше рет айтылды. Шәмшидинова, Сағадиев, Аймағамбетов және қазіргі министрлер кезеңінде де тиісті шешімдер қабылданған. Басты мәселе – сол шешімдердің нақты орындалуында. Бұл – жыл сайын қозғалатын тақырып», – деді ол.

Оның айтуынша, ең маңыздысы – мектеп мұғалімдерін олардың міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартпау керек.

«Ертең кештерді өткізбесін деген талап қойылғанда, ең бастысы – мұғалімдерді соған жегіп қоймауымыз керек. Бұрын біз осы мәселемен күрестік. Өйткені қалыптасқан тәжірибе болды: мұғалімдерді тойханаға барып күзетуге дейін жұмсайтын жағдайлар кездесетін», – деді депутат.

Ол мұндай шараларды ұйымдастыру – мұғалімнің міндеті емес екенін атап өтті.

«Мұғалім түнгі 12-де, 2-де тойхананы күзетіп жүруге тиіс емес. Бұл – оның қызметтік міндетіне кірмейді. Мұндай жағдайда жауапкершілікті ата-аналар өз мойнына алуы тиіс. Баланы 11-сыныпты бітіргеннен кейін мектепке, мұғалімге барлық жауапкершілікті арта салуға болмайды. Ата-ана баласына жауапты. Неге мұғалім түнгі уақытта жауап беруі керек?», – деді Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, ол мұғалімдер ешқашан қымбат той өткізуге немесе ысырапшылдыққа итермелемейтінін айтты.

«Мұғалім ешқашан лимузин жалдаңдар, үлкен тойхана алыңдар деп айтпайды. Керісінше, мектеп қабырғасында қарапайым форматта өткізуге тырысады. Мәселе – ата-аналардың өз шешімінде», – деді депутат.

Осылайша, оның айтуынша, бұл мәселе бойынша мұғалімдерге артық жүктеме артпау және негізгі жауапкершілікті ата-аналарға нақты бекіту маңызды.