«Жаңбыршин мен Пономаревті Facebook-та өлтіруге шақырған»: депутат әлеуметтік желідегі қысым жайлы айтты

Автор: Асыл Арман

Абзал Құспан қоғамда қауіпті үрдістер күшейгенін айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан қоғамдағы құқықтық мәдениет пен «заң мен тәртіп» қағидатын сақтау мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция еліміздің даму бағытын айқындап, оның өзегінде «Заң мен тәртіп» қағидаты тұрғанын нақтылаған.

«Күні кеше бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз еліміздің даму бағытын айқындап берді. Оның өзегінде бір нақты қағидат тұр – заң мен тәртіп. Бұл жай ғана ұран емес. Бұл – мемлекет пен қоғамның арасындағы жаңа қоғамдық келісім. Бұл – бәріне ортақ ереже және бұл қағидаттан ешкім де жоғары емес», – деді депутат.

Ол соңғы уақытта қоғамда қауіпті үрдістер байқалып отырғанын атап өтті.

«Соңғы уақытта біз бір қауіпті үрдісті байқап отырмыз. Кез келген өзекті мәселе, мейлі ол әлеуметтік болсын, тұрмыстық болсын, тіпті жануарларға қатысты болсын, әп-сәтте эмоцияға, айғайға, айыптауға айналып кетеді. Факті емес, манипуляция алға шығады. Диалогтың орнына – қысым, пікірталастың орнына – қорлау. Бұған нақты мысалдар жеткілікті. АЭС мәселесі, жаңа Конституция төңірегіндегі талқылаулар, қазіргі үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы – осының бәрінде бір сценарий қайталанып отыр», – деді ол.

Депутат өз сөзінде әлеуметтік желілердегі кейбір жағдайларға да тоқталып өтті.

«Соңғы жағдай бойынша бір ғана қарапайым мысал. Әлеуметтік желілерде, соның ішінде Facebook-та жазылған пікірлердің бірқатарында депутаттарды, оның ішінде Жаңбыршин, Пономарев секілді әріптестерімізді атымен атап, оларға қатысты тікелей зорлық-зомбылық жасауға, тіпті атып өлтіруге шақырулар айтылған. Бұл – жай эмоция емес. Бұл – құқықтық баға беруді қажет ететін нақты әрекет», – деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай әрекеттер қоғамдағы жағдайды ушықтыруы мүмкін.

«Қақтығыс тек депутаттар мен жекелеген азаматтар арасында ғана емес, осы заң жобасын қолдаған және қарсы болған топтардың арасында да қауіпті деңгейге дейін ушығып отыр. Мұндай әрекеттердің құқықтық шегі бар. Жеккөрушілік тудыру, араздық қоздыру, зорлық-зомбылыққа шақыру – заңмен тікелей тыйым салынған әрекеттер», – деді ол.

Депутат бұл мәселеге құқықтық баға берілуі қажет екенін айтты.

«Сондықтан мұндай фактілерге құқық қорғау органдары нақты құқықтық баға беруге тиіс. Бұл - жәй пікір емес, қылмыстық жауапкершілік туындататын әрекет. Ең алаңдатарлығы - осындай тақырыптардың айналасында әдейі қоғамды бөлуге тырысатын, әлеуметтік алауыздықты қоздыратын мәлімдемелердің көбеюі. Бұл – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – қоғамдық пікірді басқарудың қауіпті тәсілі», – деді депутат.

Ол сөз бостандығы мен жауапкершілік арасындағы шекараға тоқталды.

«Мемлекеттік институттарды жаппай қаралау, қоғамды бір-біріне айдап салу – бұл сөз бостандығы емес. Бұл – жауапсыздық. Сондықтан менің ұстанымым айқын: Біз «заң мен тәртіп» қағидатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қоғамдық талқылау болуы керек, бірақ ол жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс. Сын болуы керек, бірақ ол дәлелге негізделуі тиіс. Келіспеушілік болуы мүмкін, бірақ ол заң аясында шешілуі тиіс», – деді ол.

Депутат сөз соңында қоғамды бірігуге шақырды.

«Біз – құқықтық мемлекетпіз. Ал құқықтық мемлекетте бір ғана өлшем бар – ол заң. Сондықтан әркім өз сөзі мен іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Біздің міндет – эмоцияға ермеу, қоғамды бөлмеу, керісінше біріктіру. Күшті мемлекет тәртіп бар жерде құрылады. Күшті қоғам – жауапкершілік бар жерде қалыптасады. Біз дәл осы жолмен жүреміз. Сондықтан мен осы үндеу арқылы барша азаматтарды «заң мен тәртіп» қағидатын қатаң ұстануға, әр сөз бен әрекетке жауапкершілікпен қарауға шақырамын!» – деп түйіндеді депутат.