Астанада мешіттен қымбат аяқ киім ұрлап жүрген ер адам видеоға түсіп қалды

Аяқ киімнің құны 175 мың теңге екені белгілі болды

Астанада мешіттен қымбат аяқ киім ұрлап жүрген ер адам видеоға түсіп қалды
Фото: Видеодан скрин

Астанада мешіттен аяқ киім ұрлап жүрген ер адамның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, аяқ киім ұрлаған 34 жастағы күдікті ер адам ұсталды.

Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті мешітке келіп, аяқ киім сөресінен құны 175 мың теңге тұратын кроссовканы киіп кеткен. Ол өзіне тиесілі ескі аяқ киімін сол жерде қалдырып, жаңа кроссовканы киіп, еш кедергісіз шығып кеткен.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің жеке басын анықтап, оны қысқа мерзімде ұстады. Ұрланған аяқ киім тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция департаменті азаматтарға қоғамдық орындарда, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде жеке мүлкіне мұқият болуды ескертеді. Сонымен қатар, күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға хабарлауды сұрайды.