«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин қоғамдағы пікірталасқа жауап айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин бұралқы иттердің мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Бүгін мен ашық әрі ештеңені жұмсартпай сөйлегім келеді. Қаңғыбас жануарлар туралы заң жобасын талқылау қазір қоғамда өте өткір пікірталас туғызып отыр. Алайда оның айналасында ақпарат әдейі бұрмаланып жатыр. Қоғамдық кеңістікте жануарларды ату, үй жануарларына салық енгізу сияқты заңда жоқ шаралар туралы мәлімдемелер таралуда. Адамдарға нақты деректердің орнына жалған әрі қорқынышты ақпараттар таралып жатыр»,- деді депутат.
Оның айтуынша, әрине, қоғамда алаңдаушылық бар, жануарларға қатыгездік жасалуы мүмкін деген қауіп бар.
«Бұл – қалыпты адами реакция, оны елемеуге болмайды. Бұл мәселеге шын жанашырлықпен қарайтын адамдар көп, және бұл құрметке лайық. Президентіміз айтқандай, жануарларға деген көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Бірақ басқа жағын да көрмеуге болмайды: адамның жеке басына шабуыл жасап, оны қорлау, қоғамды әдейі арандату әрекеттері бар. Бұл енді жануарларды қорғау емес, бұл – тұрақсыздық тудыру. Бұл – қызыл сызық. Пікірталасты қорлауға айналдыруға болмайды. Азаматтарды, мемлекеттік орган өкілдерін, депутаттарды қорлау – жол берілмейтін әрекет. Мұндай әрекеттерге қатаң құқықтық баға берілуі тиіс»,- дейді ол.
Авершин проблема бар және ол нақты бірқатар өңірлерде қаңғыбас жануарлардың адамдарға шабуыл жасау фактілері тіркеліп жатқанында дейді.
«Бұл – адамдардың қауіпсіздігіне, денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп. Егер жануар нақты қауіп төндірсе, онда сөз қорғаныс туралы болады. Мұндай жағдайларда шешімдер тез әрі заң аясында қабылдануы керек. Бірақ бұл қатыгез әрі бақылаусыз әдістерге жол беріледі деген сөз емес. Қалыпты жағдайда жануарларға гуманды қарым-қатынас сақталуы тиіс. Міндет – осы жағдайларды нақты ажыратып, адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін әрі жануарларға ізгілікпен қарау сақталатын жүйе құру. Сондай-ақ қоғамның көңіл күйін ашық айту маңызды. Бір жағынан, көшелердегі тәртіп пен қауіпсіздікке сұраныс бар. Екінші жағынан, мәселені шешу барысында рұқсат етілмейтін қатал әдістер қолданылуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Бұл екі сұраныс та орынды, оларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Шешім қауіпсіздікті де, жануарларға гумандық қарым-қатынасты да қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан заң нормалары фактілерге сүйене отырып, бақылау мен жауапкершілік арқылы талқылануы керек»,- дейді ол.
Мысалы, иесіз қалған жануарлар санын азайту үшін иелердің жауапкершілігін күшейту туралы талаптар айтылуда. Бұл нормалар заңда қарастырылған: чиптеу, иелердің жауапкершілігі, жергілікті органдардың бақылауы.
«Заңды мұқият оқуға шақырамын – көптеген сұрақтарға сол жерде жауап бар. Негізгі қорытынды – диалогты күшейту қажет. Барлық деңгейдегі мәслихаттар форумы парламент пен өңірлер арасындағы байланыстың маңызын көрсетті. Бақылауды мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, зооқорғау және зоологиялық ұйымдар арқылы жүзеге асыру қажет. Менде мұндай жұмыстың тәжірибесі бар. Алматы қаласының мәслихатында жұмыс істеген кезде, кәсіпкерлік және ТКШ комиссиясын басқара отырып, біз зооқорғау ұйымдарымен тікелей диалог орнаттық. Бұл күрделі мәселелердің өзі өркениетті диалог арқылы шешілетінін дәлелдейді»,- деді ол.
Депутат бұл тәсілді кеңейту қажет, әрбір кезең – жануарларды аулаудан бастап ұстауға дейін – бақылауда болуы тиіс, бәрі заң аясында және гумандық түрде жүзеге асырылуы керек деп санайды.
«Астана мен Алматыда бұл жүйе біршама жақсы жолға қойылған. Мәжіліс депутаты ретінде мен бұл процесті бақылауға аламын.Сондай-ақ жануарларға қатыгездік көрсету фактілері – бұл заң бұзушылық, және оларға қатаң құқықтық баға берілуі тиіс. Тіпті мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыру қажет. Бірақ заңды бұрмалау, адамдарды бір-біріне айдап салу және жағдайды ушықтыру – жол берілмейтін нәрсе.Жұмыс істеуге дайын адамдарды диалогқа шақырамыз. Ал бұл тақырыпты қысым көрсету немесе жанжал туғызу үшін пайдаланатындар өз әрекеттеріне міндетті түрде құқықтық баға берілетінін түсінуі керек.Кез келген мәселе шешіледі, және оны эмоциямен емес, нақты жұмыспен шешу керек. Ол үшін құралдар, институттар және жауапкершілік бар. Күшті қоғам – айқайлап, қорлайтын қоғам емес. Күшті қоғам – келісімге келіп, нәтижеге жете алатын қоғам. Біз дәл осы жолмен жүреміз»,- деді Авершин.
Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Авершиннің ұсынысын қолдайтынын айтты.
«Заң Мәжілісте қабылданды және оған барлық фракциялар дауыс берді. Бұл енді жеке бір депутаттың емес, бүкіл Мәжілістің ұстанымы. Мұны ескеру қажет»,- деді Ерлан Қошанов.