Мәжіліс депутаты заңды өзгерту емес, оны дұрыс қолдану маңызды екенін айтты
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың әрекетіне қатысты пікір білдіріп, қолданыстағы заңнаманы өзгерту қажеттігі жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оның сөзінше, негізгі мәселе заңның өзінде емес, оны дұрыс қолдану мен жедел әрекет етуде.
Депутат қазіргі заңдар төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібін толық реттейтінін атап өтті. Атап айтқанда, «Азаматтық қорғаныс туралы» заңның 63-бабына сәйкес, өрт сөндірушілер мен ерікті көмек көрсетушілер, егер олардың әрекеті заңды деп танылса, материалдық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте де төтенше немесе техногендік қауіптің алдын алу кезінде жасалған қажетті әрекеттерге қатысты нормалар бар.
Соған қарамастан, Абзал Құспан нақты бір жағдайға тоқталып, құтқарушылардың шешім қабылдауда кідіріс жасағанын меңзеді.
«Менің мәліметімше, сол жерде шамамен 20 минут уақыт тек әрекет ету тәсілін анықтауға кеткен. Яғни, нақты қадамға көше алмай, кешіккен», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Оның пікірінше, мұндай жағдайлар қызметкерлердің өз құқықтық мүмкіндіктерін толық білмеуінен немесе жауапкершіліктен қауіптенуінен туындауы мүмкін.
«Бұл жерде мәселе заңда емес. Керісінше, қызметкерлер арасында түсіндіру жұмысы аз сияқты. Сондықтан ТЖМ басшылығы жеке құраммен қосымша нұсқама жүргізуі қажет. Құтқарушылар мұндай сәттерде батыл әрі жедел әрекет етуі тиіс», – деп атап өтті ол.
Депутат сондай-ақ, егер сот тәжірибесінде құтқарушыларға қатысты даулы жағдайлар анықталса, оларды зерделеп, қажет болған жағдайда заңнамаға түзетулер енгізуге дайын екенін жеткізді.
Осылайша, оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде уақыт жоғалтпай, нақты әрі заң аясында әрекет ету – адам өмірін сақтап қалудың басты шарты.
Еске салсақ, Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үйінде өрт шығып, үш бала көз жұмды. Ал өрт сөндірушілер жолды бөгеп тұрған қымбат көліктің иесін іздеп, шамамен 20 минут уақытын жоғалтып алған.