Қазақстанда бензин бағасы біртіндеп қымбаттайды – энергетика министрлігі

Автор: Аягөз Құрмаш

Елде мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету саясаты сақталып отыр

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда жанармай бірден емес, біртіндеп қымбаттайды. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-министрдің айтуынша, мұнай өнімдері нарығы сұраныс пен ұсыныс теңгерімі негізінде қалыптасады.

«Нарық өздігінен реттеледі деген кезде біз сұраныс пен ұсыныс теңгерімі туралы айтамыз. Бұл нарыққа мұнай өңдеу зауыттары, жанармай құю станциялары және тұтынушылар қатысады. Сондықтан баға қанша сұраныс бар және қанша өнім өндірілгеніне байланысты қалыптасады», – деді ол үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елде мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету саясаты сақталып отыр.

«Бізде өз ресурстарымыз бар. Мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету саясатын жүргізіп отырмыз. Біздің міндет – шикізатты зауыттарға жеткізу, содан кейін мұнай өнімдері мен жанармайды нарыққа шығару», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол энергетика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаның күрт секіруіне жол бермеу бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Бағаның күрт өсуіне жол бермейміз дегеніміз – бір өңірде баға бір теңгеге, екіншісінде отыз теңгеге, тағы бірінде жүз теңгеге көтерілу сияқты жағдай болмайды. Баға біркелкі, кезең-кезеңімен өседі, бірақ күрт секірусіз болады. Бұл азаматтарға қолайлы болу үшін жасалып отыр», – деп түйіндеді вице-министр.